Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Нармұхан Сарыбаев осылай мәлім етті.
Холдинг директорының айтуынша, былтырғы жылғы жоспар бойынша шетелден 10 мың бас асыл тұқымды мал әкелу көзделген болатын. «2011 жылдың нақты нәтижесі бойынша былтыр сырттан 13 мың 488 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Оның ішінде 3 мың 636 бас ірі қараны шаруа қожалықтары өз қаражаттарына сатып алды. 9 мың 855 бас несие есебінен әкелінді», - деді Н. Сарыбаев.
Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы елімізге 12 мың бас ірі қара малды импорттау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 15,7 мың бас ірі қараны импорттау үшін несие өтінімдері қарастырылуда. «Оның ішінде 5,5 мың бас асыл тұқымды малға өтінімдер мақұлданды, қаржыландыру жүріп жатыр», - дейді Н. Сарыбаев.