Биыл Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлері цемент импортынан толықтай бас тартуы мүмкін

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы «Каспийцемент» АҚ-ы (қуаттылығы жылына 1 млн. тонна өнім) және Ақмола облысында «Көкшецемент» ЖШС-і (қуаттылығы жылына 2 млн. тонна) секілді жаңа өндірістерді іске қосылуы өнім импортынан толықтай бас тартуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және еліміздің батыс пен солтүстігіндегі бағалардың маусымдық көтерілу факторын азайтуға мүмкіндік береді.

«ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің деректері бойынша, 2013 жылдың 10 айы қорытындысы бойынша Қазақстан нарығындағы отандық өндірістегі цемент үлесі 80 пайыздан асып кетті (6,2 млн.тонна өндірілді, 1,6 млн.тонна импортталды)», - делінген ҚР ИЖТМ Ақпарат басқармасының мәліметінде. Осы уақытта цементті өндіру бойынша жалпы жобалау қуаттылығы жылына 10,74 млн.тонна өнім шығара алатын 10 зауыт қызмет етеді. Батыс өңірінде «Каспийцемент» ЖШС-і 2013 жылдың соңында қуаттылығы жылына 1 млн. тонна құрайтын өндірістің қосылуын іске асырды. 2014 жылы Ақмола облысында қуаттылығы жылына 2 млн. тонна өнім шығара алатын «Көкшецемент» ЖШС-інің жаңа зауытын іске қосу жоспарлануда.