Үкімет сағаты барысында баяндама жасаған Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, соңғы алты жылда шекті тариф бағдарламасын жүзеге асыру барысында электр энергетикасы саласына жыл сайынғы инвестиция ауқымы 5 есеге артқан.
«Бүгінгі күні бұл көрсеткіш алты жыл бойынша 700 млрд теңгенің инвестицияланғанын көрсетіп отыр және осының арқасында 5 мың мВт құрайтын қолданыстағы қуат нысандары жаңғыртылса, 1700 мВт құрайтын электр желілерінің нысандары жаңартылды. Осының өзі экономиканың электр қуатын тұтынуын тұтастай жауып отыр. Жалпы, 2009-2015 жылдар аралығында қосымша енгізілетін қуат шамамен 3 300 мВт құрайтын болады», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, 2015 жылы энергетика саласына жоспарланып отырған инвестиция көлемі 178 млрд теңгені құрамақ.