Биыл қажыларға арнайы электронды білезіктер тағатын болады

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясында қажыларға арнайы жеке мәліметті сақтап жүретін электронды білезіктерді ойлап тапты. Бұл электронды құрылғы арқылы әр адамның жеке мәліметі жазылып сақталады, деп 4-ші қыркүйек күні Өзбекістан дін істерінің комитеті хабарлады.

Умра мен қажылыққа келіп-кетіп жатқандардың саны өте көп. Электрондық жүйенің болмауы біршама жұмыстарды қиындатуда. Muftyat.kz сайтының жазуынша, сондықтан, әр адам өзімен бірге электронды құрылғыны тағып жүрген кезде, оның ішінде сол адам жайлы жеке мәлімет жазылып сақталады. Қажылық кезіндегі қауіпсіздік шараларын қолдану мақсатында, Меккеге кірер алдында 7 электронды қақпа тұрады. Осы қақпаның жанынан өткен кезде әр адам жайлы мәлімет сақталып, кімнің қай жерде тұрғанын бірден білуге болады. Сонымен қатар, қажыларды тасымалдайтын автобустардың ішінде электронды жүйемен жұмыс істейтін қондырғылар орнатылады деп күтілуде. «Жаңадан ойластырылған электронды құралдар биылғы 2013 жылғы қажылықта қолданысқа беріледі. Биылғы Умраға 5.1 млн адам келіп кетті. Жалпылай алғанда, қажылық сапарға 5.3 млн адамға рұқсатнама қағазы берілді», - деп қажылық министрлігінің өкілі Бандар Хаджар мәлімдеді.