Биыл кеден органдарының қызметі цифрландырылады - Тимур Құлыбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы кеден органдарының қызметі цифрландырылады. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының цифрландыру тапсырмасы бойынша жұмыстар ең алдымен мемлекеттік қызмет секторында жүргізілуі тиіс. Біз бұл мәселемен жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіпкерлерге қатысты айтар болсам, біз бизнеске арналған үкімет құру үшін Ұлттық эконономика, Ауыл шаруашылығы, Инестициялар және даму министрліктері желілері бойынша көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшіру үшін жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл мемлекеттік шенеуніктермен өзара іс-қимылды үйлестіру үшін жасалады», - деді Тимур Құлыбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі екінші республикалық кәсіпкерлер форумы барысында.

Сонымен қатар ол дәл осы бағыттағы жұмыстар кеден саласында да жүргізілетіндігін баса айтты.

«Бұл салада шағымдар мен өтініштер өте көп. Біз одан шығудың жолын цифрландырудан көріп отырмыз. 2018 жылы кеден органдарының қызметтерін цифрландыру міндеті алдымызда тұр. Кеден қызметі көрсететін 17 қызмет цифрландырылып, аталған орган қызметіндегі жемқорлық біршама төмендейтін болады», - деді ол.

Айта кетерлігі, форум соңында «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев 2018 жылға арналған тараптар арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.