Биыл Көкаралды сақтауға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Аралдағы экологиялық жағдайды оңалту жұмыстары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: fisher.kz

«2022 жылдан бастап Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің саласын қалпына келтіру жобасы қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 4 млрд 582 млн теңге. 2022 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, игерілді. Бұл қаражатқа арна түзетін және оны қоршайтын бөгеттер орнатылды. Сондай-ақ, «Қарашалаң-1», Тұщы», «Сарытерең» су ағызу каналдарын эксковатормен тереңдетіп аршу жұмыстары орындалды», - деп жазады Үкімет басшысының орынбасары.

Айтуынша, жоба биыл жалғасын табады. Оған бюджеттен тиісті қаржы да бөлініп отыр.

«2023-2025 жылдардың республикалық бюджеті аясында жобаны жалғастыру үшін 4 млрд 82 млн теңге қарастырылған. (2023 жылы – 1 млрд 200 млн теңге, 2024 жылы – 1 млрд 623 млн теңге және 2025 жылы – 1 млрд 258 млн теңге)», - дейді Роман Скляр.