Биыл Көкшетауда 12-і тұрғын үй пайдалануға беріледі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Көкшетау қаласында салынып жатқан 17 тұрғын үйдің қалған 12-ісі пайдалануға беріледі. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев «2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласы соңғы жылдары шын мәніндегі үлкен құрылыс алаңына айналып отыр. Қала әкімі мұндағы істі 15,5 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, 158,8 мың шаршы метр пәтердің пайдалануға берілуімен сипаттады.

«Бюджет қаражатымен салынып жатқан 17 тұрғын үйдің 5-уі өткен жылы пайдалануға берілді, 12-сі биыл салынып бітеді. Сонымен қатар, биылғы жылы тағы да 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын қолға аламыз. Бұл қаладағы пәтер кезегі санын елеулі түрде қысқартатыны сөзсіз», - деді қала басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, шаһарда келешекте жаңа сипаттағы мәдени-әлеуметтік нысандар қатары өсе түспек. Олардың қатарында қаланың оңтүстік-шығысындағы мәдениет және демалыс паркі, жаңа шіркеу және басқа нысандар бар. Әуезов көшесінің бойындағы 108 пәтерлік жаңа үйдің инженерлік жүйесі салынып, абаттандыру жұмыстары атқарылды. Васильковка шағынауданындағы 94 және 28 гектарлық, сондай-ақ Қылшақты көлінің  маңындағы 72 гектарлық аумақтағы алаңдарда құрылыс жүргізудің түбегейлі жоспар-жобасы жасалынды. Ең маңыздысы ол өткен жылы пайдалануға берілген «Неке сарайы» деуге болады. Қалалықтар көп жыл күткен бұл нысан отау құрып жатқан жастардың сүйікті орнына айналып отыр.

Еске сала кетейік, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың «2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2018 жылдың негізгі міндеттері туралы» халық алдында есеп беру кездесуіне аймақ басшысы Мәлік Мырзалин,  облыстық мәслихаттың хатшысы мен депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалар, кәсіпорын, ұйым  басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.