Биыл Көкшетауда магистральдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіледі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Көкшетауда магистральдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорынның бас директоры Руслан Мақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Коммуналдық кәсіпорынның бас директоры Руслан Мақышевтің айтуынша, «Көкшетау жылу» облыс орталығын жылумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылады. Кәсіпорын жылу қуатын өндіру, таратумен айналысады.

«Көкшетау жылу» кәсіпорыны 4 765 нысанды жылытады. Оның 995-і көп пәтерлі тұрғын үй, 2530 жеке сектордағы үй, 117 білім беру нысаны, 47 денсаулық сақтау нысаны, 158 мәдениет нысаны мен мемлекеттік мекемелер, 918 өнеркәсіп нысаны мен өзге де ұйымдар», - деді Руслан Мақышев.

Ол атап өткендей, жыл сайын жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жазғы уақытта негізгі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы 4 станцияда қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу жүргізілді, құбыр блоктары ауыстырылды, сондай-ақ 2 479 метр жылу магистральдық және орамішілік желілер жаңартылды. Барлық тұтынушылар үшін қажетті гидравликалық қысымды қамтамасыз ететін өнімділігі сағатына 1250 текше метр, қысымы 140 метр су болатын «Грундфос» фирмасының сорғысы пайдалануға берілді.

Кәсіпорын биыл магистральдық жылу желілерін қайта құру және жаңғырту, қазандық агрегаттарын іске қосуды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, кәсіпорын басшысы түйіткілді мәселелердің де барын атап өтті.

«Бүгінгі таңда облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында, сондай-ақ қаланың орталығында және басқа да шағынаудандарында жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл кәсіпорының жұмысына кері әсерін тигізіп отыр. Бір сөзбен айтқанда бізге техникалық қызметкерлер мен құралдар қажет», - деп толықтырды кәсіпорын директоры.

Айта кетейік, облыс орталығында Краснояр және Станционный кенттеріндегі жылыту қазандықтары бар. Бүгінгі таңда кәсіпорын 4 мыңнан астам нысанды орталық жылумен қамтамасыз етеді.