Биыл коммуникациялық желілерге байланысты 57 жоба жүзеге асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы коммуникациялық желілерді дамытуға бағытталған 57 жобаны жүзеге асыруға 20,8 млрд. теңге қарастырылды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» парламенттік фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті. Еске салайық, жиында еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту барысы талқыланған болатын.

«2011-2013 жылдары қаржы көздерінен 16 мың шақырым газ, электр және жылумен қамту желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен 124 жобаны жүзеге асыруға 34,2 млрд. теңге бөлініп, оған 1906 инженерлік джелілепрді жаңғырту жұмыстары қаралған», - деді вице-министр Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, жылумен қамтамасыз ететін желілер мен ғимараттар 58 пайызды құрайды. Оның ішінде электрмен жабдықтау желілері 70айыз, газбен қамтамасыз ету 52 пайызды құрайды.

«Жалпы ағымдағы 2014 жылы коммуналдық секторды дамыту бағытында 57 жобаны жүзеге асыруға 20,8 млрд теңге қарастырылған. Бұның ішінде биыл 48 нысан қолданысқа енсе, қалған 9-ы келесі жылға қалдырылған. Сонымен қатар, 658 шақырым инженерлік желілер қайта жаңғыртылады», - деді вице-министр.