«2021 жылдың 1-тоқсанының қорытындысында жалпы сомасы 665 млн долларды құрайтын 9 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде баламалы энергетика саласында жалпы сомасы 172 млн доллар болатын 4, мұнай-газ саласында құны 110 млн долларлық 2 жоба, сонымен қатар металлургия, құрылыс материалдары өндірісі, туризм салаларындағы жобалар бар. Олардың екеуін трансұлттық Air Liquide компаниясы жүзеге асырды. Инвесторлар техникалық газ, сығылған ауа және азот өндірісі бойынша жобаларды іске қосты. Сонымен қатар Hevel компаниясы ресейлік инвесторлармен бірге жаңартылатын энергия көздері саласында 3 жобаны іске асырғанын атап өткен жөн. Түркістан, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында қуаты 80 МВт болатын 3 күн электр стансасы салынды. Ал италияндық трансұлттық ENI компаниясы Ақтөбе облысында қуаты 48 МВт болатын жел электр стансасын тұрғызды», - деді Мейіржан Жүсіпов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, KAZAKH INVEST Қазақстан экономикасының басымдыққа ие салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыра береді.
«Осы жылдың соңына дейін KAZAKH INVEST қолдауымен жалпы сомасы шамамен 4,4 млрд доллар болатын тағы 36 жобаны іске қосуды қамтамасыз ету жоспарланған», - деді ол.