Биыл Қызылорда облысында былтырғымен салыстырғанда 200 шақырым жол кем жөнделеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысында өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға жалпы көлемі 11 056 млн. теңге бөлініп, 311,35 шақырым жолдар мен көшелер жөндеуден өтті.

Бүгінгі күні облыс бойынша жоспарланған 17 нысанда жол жөндеу жұмыстары  аяқталып, бөлінген қаражат толық игеріліп отыр. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігінің көше-жолдары инфрақұрылымын жүргізуге техника-экономикалық негіздемесінің мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Ал биылғы жылы 35 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оған облыстық бюджеттен 7 392,7 млн теңге бөлініп, 111 шақырым автомобиль жолы мен елді мекен көшелері жөнделеді. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бәлібаев журналистермен кездесуде мәлім етті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сондай-ақ кездесу барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай аталған саладағы жұмыстарға қысқаша тоқталды.   

Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 1107 шақырымды құрайды.  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы аясында қайта жаңартылған «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 763 шақырым учаскесі уақытша пайдалануға берілді. Онда «ҚазАвтоЖол» РМК Қызылорда облыстық филиалы қызмет көрсетеді.