Биыл Қызылорда облысының жолдарында балалардың қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы орын алды

ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ Қызылорда облысының жолдарында үстіміздегі жылы балалардың жол ережелерін дұрыс сақтамағандығынан 11 жол-көлік оқиғасы орын алды. Осы оқиғалардың салдарынан 3 бала көз жұмып, 8 жасөспірім әр түрлі дене жарақатын алған.

Бұл оқыс жағдайлардың болуы балалардың жол ережесінен хабарларының аздығын көрсетеді. Себебі, баланың өз жағында келе жатқан автокөліктің алдын кесіп өту, жолдың жиегінде тұрған автокөліктің тасасынан жолға жүгіріп шығуы, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, жаз мезгілінде жол үстінде велосипед, ролик, скейтбордтарды айдауы олардың өміріне қауіп төндіруде.

Қызыл­орда қаласы, КБИ шағын ауданының тұрғыны өзінің жеке «МАЗ» жүк автокөлігімен жол жиегінде тоқтап тұрған жеңіл автокөліктің жанынан өте бергенде оның тасасынан жүгіріп шыққан 3 жасар бүлдіршін жүк көлігі доң­ғалағының астына түскен. Нәтижесінде сәби сол жерде көз жұмған.