Биыл мемлекеттік сатып алу саласына «өмірлік цикл құны» ұғымы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл мемлекеттік сатып алу саласында өнімнің сатып алынған кезінен бастап тұтынып болғаннан кейін кәдеге жаратуға дейінгі құнын білдіретін «өмірлік цикл құны» ұғымы енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл мемлекеттік сатып алу кезінде сапалы тауарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін тетік болмақ.

«Бүгінгі таңда мемлеттік сатып алуды жүргізудің барлық рәсімдері автоматтандырылған. Бәсекелестікті дамытуға және сатып алу процестерін жеңілдетуге бағытталған бірқатар заңнамалық шаралар қабылданды», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Үкімет басшысының мәліметі бойынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жобалауды сатып алуға рейтингтік-балдық жүйе пайдаланыла бастаған.

Сондай-ақ, сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған электрондық дүкен енгізілгені айтылды. Бұл ретте бір көзден сатып алуға негіз болатын 7 себеп алынып тасталса, 8 себеп қайта қаралған.

«Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер сапалы болу үшін биылдан бастап сатып алудың «өмірлік цикл құны» дейтін жаңа тәсіл енгізіледі», - деді Ерұлан Жамаубаев.