Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 38 619 адам жоғары оқу орындарына қабылданады

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша жалпы саны 38 619 адам жоғары оқу орындарына қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«2012-2013 оқу жылы бойынша жоғары оқу орындарында бакалавр жүйесінде оқытуда мемлекеттік тапсырыс ауқымы 34 315 грантты құрады. Конкурс нәтижесінде 31 210 грант берілді. Ал магистранттардың мемлекеттік тапсырысы 6 мың 909 орынды құрап отыр, былтыр 1750 орынға аз бөлінген. PhD докторантурасына 500 орын берілді. Жалпы мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл 38 619 адам оқуға қабылданады», - деді Білім министрі.

Бұдан бөлек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып Ұлттық біліктілік шегіне қатысты жоспарлар әзірлене бастаған. «Жоғары оқу орындарын тәуелсіз аккредиттеу жүйесі енгізілуде, бұл толығымен бәсекелестік ортаға беріліп, аккредиттеу агенттігі құрылды. Оған 2 қазақстандық және 4 шетелдік агенттік кіріп отыр», -деді Б. Жұмағұлов.