Биыл «Мерейлi отбасы» конкурсына қатысу үшiн 2285 отбасы өтiнiш бiлдiрген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда дәстүрге айналып келе жатқан "Мерейлi отбасы" атты үлгiлi отбасылар жарысына қатысу үшiн биыл елiмiздiң барлық аймағынан 2285 отбасы өтiнiш бiлдiрген.

Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнiң брифингiсiнде ҚР Президентi жанындағы Әйелдер iсi және отбасы-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззәт Сүлеймен мәлiм еттi.

"Қазақстанда қыркүйектiң екiншi жексенбiсi отбасы күнi ретiнде тойланады. Бұл - ресми мерекелердiң бiрi болып саналады. Президенттiң өкiмiмен осымен екiншi рет "Мерейлi отбасы" ұлттық байқауы өткелi отыр. Мемлекет тұрақты отбасылардың көп болуына мүдделi. Биыл аудан, қалалар деңгейiндегi байқаулар жақсы ұйымдастырылды. Себебi, былтырғы байқаудың тәжiрибесiн ескере отырып, конкурстың жергiлiктi жерлерде жоғары деңгейде өтуiне ықпал ететiн нұсқаулықтар, түсiндiрме жұмыстарын қолға алдық",-деп атап өттi Л.Сүлеймен.

Оның айтуынша, биыл отбасылардың жарысына қатысу үшiн 2285 жанұя өтiнiш берген.

"Конкурстың өңiрлiк деңгейлердегi қорытындысы байқауға биыл 2285 отбасының қатысқанын көрсеттi. 2014 жылмен салыстырғанда, қатысқан отбасылардың саны 1,7 есеге көбейдi. 2285 отбасының 75 пайызы, яғни 1767 отбасы ауыл-аймақтарда тұратын отбасылар. Бұл жерде Солтүстiк Қазақстан, Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай және Қарағанды облыстарында тұратын отбасылардың белсендi болатынын атап өту керек. Конкурсқа қатысушылар арасында көп балалы отбасылардың саны екi есеге, жас отбасылардың саны 1,5 есеге артты. Тағы бiр айта кетерлiк жаңалық, биыл байқауға аталар кәсiбiн жалғастырған 319 әулет конкурсқа қатысуда",-деп толықтырды Л.Сүлеймен.

Айта кетейiк, "Мерейлi отбасы" байқауы 12 қыркүйек күнi Астанада мәресiне жетедi және сол күнi "Қазақстан" кино-концерт залында жеңiмпаздар марапатталады.