Биыл Наурыз мейрамында қазақстандықтар бес күн демалады

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Биыл Наурыз мейрамына орай қазақстандықтар бес күн демалатын болады.

2009 жылғы сәуірдің 22-сінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Заң «Наурыз мейрамы» мерекесін наурыздың 21-інен 23-іне дейін ұзарту және бұрын қазанның 25-інде аталып келген Республика күнін алып тастауды көздейді.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес ұлттық және мемлекеттік мерекелер демалыс күндері болып саналады. Демалыс күндері мерекелік күндерге сәйкес келсе, мерекелі күннен кейін демалыс беріледі.

Биыл наурыздың 21-і жексенбіге тұспа-тұс келгендіктен демалыс күні ауыстырылады. Сөйтіп, қазақстандықтар Наурыз мейрамына орай бес күн: наурыздың 20-сы, 21-і, 22-сі, 23-і және 24-і күндері демалады.

2001 жылдан бастап Наурыз мемлекеттік мереке болып жарияланады.

Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз - жаңа жылдың алғашқы күні - күннің көктемгі теңелу күніне сәйкес келеді.