Биыл Наурыз жаңаша тойлануда - А.Есімов

АТЫ. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыдағы «Астана» алаңында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар басталып кетті.

Қала әкімі Ахметжан Есімов алматылықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Оның айтуынша, бүгін біз күн сәулесімен нұрланған табиғат ананың оянып, жаңаруын тойлаудамыз. Бұл мейрам жаңа жылдың бастауы ретінде аталып, Наурыз бірлік пен ынтымақтастықты білдіріп, бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылықтың нығаюында үлкен маңызға ие.

"Биыл біз бұл мейрамды жаңаша атап өтіп, үш күн тойлайтын боламыз. Сіздердің назарларыңызға отандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен өте қызықты бағдарламалар ұсынылады. Ертең біздің мейрам этномәдени бірлескен бағдарламалармен жалғасады", -деп атап өтті өз сөзінде қала әкімі.

Сонымен қатар А.Есімов биыл бірінші рет қаладағы Сауда орталықтарының атсалысуымен "Наурыз - жеңілдік фестивалі" акциясы ұйымдастырылғандығын және көне салт бойынша Көктөбеде таңды қарсы алу болғандығын, сондай-ақ Медеу паркінде алма ағаш отырғызу рәсімі болғандығын айтып өтті.

Алаңға жиналған қауым назарына акробаттар мен шығармашылық балалар ұжымы бірқатар шоулар ұсынды. Кешке алматылықтар отшашу салтанатын тамашалайтын болады. Ал ертең осы алаңда этномәдени бірлестіктің қатысуымен "Біз - Қазақстан халқымыз" бағдарламасы мен қазақстандық эстрада жұлдыздары мен ресейлік әнші Сергей Лазарев өнер көрсететін болады.