Биыл Нобель сыйлығын табыстағаннан кейінгі дәстүрлі концерт болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ослода жыл сайын бейбітшілік бағытындағы Нобель сыйлығын тапсырғаннан кейін өткізіліп келген дәстүрлі концерт биыл болмайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Бұл туралы Нобель институтының, Warner Bros Norway және Gyro Event компанияларының бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Ұйымдастырушылар «концерттің форматы мен контентін қайта қарау қажеттігі және соңғы жылдардағы қаржылық жағдай осыған итермелеп отырғанын» айтады. Енді олар жаңа платформаны қарап шықпақ. Өйткені, смартфондар кең тарағаннан кейін, концерттің бұрын меценаттардың қаражаты есебінен ақы төленген «жанды» телевизиялық аудиториясын бұрынғысынша ұстап отыру мүмкін емес. Норвегиядағы аса ірі бөлшек сауда желілерінің бірі осындай шараның демеушісі болған еді, бірақ ұйымдастырушылар оның ақысын төлей алмаған.

Ослодағы «Спектрум» аренасында өтетін дәстүрлі концертке 1994 жылдан бері Уитни Хьюстон, Леди Гага секілді жүздеген шоу-жұлдыздар келген.

Дәстүрге орай, бейбітшілік бағытындағы Нобель сыйлығын табыстау рәсімі жыл сайын швециялық кәсіпкер әрі өнетапқыш Альфред Нобель дүние салған күнде - 10 желтоқсан күні өтеді.

Сыйлықты 1901 жылдан бері Ослодағы Нобель бейбітшілік комитеті әлемде бейбітшілікті орнатуға зор үлес қосқан жеке тұлғаларға немесе ұйымдарға табыстап келеді.