Биыл өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша 1,5 мыңнан астам тексеру жүргізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өндірістердегі тексерулер жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы қаңтардан бері өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша 1,5 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, 27 мыңнан аса талаптарды бұзу жағдайы анықталды. 150 млн теңгеден астам сомаға 1 184 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупі үшін 432 нысан мен 4 субъектінің жұмысы уақытша тоқтатылды», - деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, биыл қауіпті өндірістік нысандарда 18 апат тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 25 пайызға төмен.

«Биылғы оңтайлы динамикаға қарамастан, өндірістерде апаттың болуы қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы бес жылда апаттар саны 30 пайызға өскен. Жалпы, бес жылда 125 апат тіркеліп, 110 адам зардап шекті, 53 адам қайтыс болды», - деді министр.

Айта кетейік, Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров кәсіпорындардағы қауіпсіздік бойынша негізгі мәселелерді айтты.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрі «Абай» шахтасындағы апатқа пікір білдірді.