Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында егіс көлемі 788,6 мың гектарды құрады

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылық дақылдарының егіс көлемі облыс бойынша 788,6 мың гектарды құрады, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Дәнді дақылдардың орылатын көлемі 260,4 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде бидай мен арпа - 214,4 мың га, дәндік жүгері - 40,0 мың гектар.  Бүгінгі таңда 259,5 мың гектары немесе 99,6% орылып, гектарынан 25,6 центнерден айналды. Барлығы 664,5 мың тонна астық жиналды. Облыста 214,4 мың гектар алқаптағы бидай мен арпаны ору жұмыстары толығымен аяқталды. Гектар түсімділігі өткен жылмен салыстырғанда 4,2 центнерге артып, 22,0 центнерден айналды. Барлығы 470 мың тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, биыл дәндік жүгері 40,1 гектар жерге егілген болатын. Бүгінгі таңда 39,9 мың га жүгері орылып, 180,9 мың тонна дән жиналды. Облыс бойынша әр гектарына 45,0 центнерден алынды. Күріш дақылы облыста негізінен аталған аудандарда қайта тұзданған алқаптардың тұздану мөлшерін азайту мақсатында агротехникалық шара ретінде ғана егіледі. Күріш дақылынан гектар түсімділігі 59 центнерден айналып, 18,0 мың тонна өнім жиналады, деп болжанып отыр. Бүгінгі таңға 2,2 мың га орылып, әр гектарынан 58,5 центнерден 12,7 мың тонна өнім жиналды. Ору жұмыстарын қазан айының 15 жұлдызында аяқтау межеленіп отыр.