Биыл Орал қаласында он екі саябақ абаттандырылмақ
19:23, 12 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Биыл Орал қаласында он екі саябақ абаттандырылмақ. Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың сөзіне қарағанда, соның бірі – қазақтың көрнекті ақыны, алдағы жылы 90 жылдығы аталып өтілетін Жұбан Молдағалиев атындағы саябақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұнда алдымен саябақ айналасына ажар қосатын шілтер-шарбақпен қоршалып, екі фонтан іске қосылады. Сондай-ақ саябақ ішіндегі соқпақтарға өрнектас төселеді. Сонымен қатар Еуразия даңғылы бойындағы әмбебап дүкеніне қарама-қарсы бетте Қазан төңкерісіне дейін болған бақты қайта қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұған қоса Мәңгілік алау кешенінің тұсынан жылу-электр орталығына дейінгі Жайық өзенінің жағалауы ретке келтіріледі. Қазіргі кезде бұған арнайы қаржы бөлініп, жобасы жасалуда.