ОРАЛ. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес 2013 жылы 350 әлеуметтік жұмыс орны ашылмақ.
Қала әкімі Болат Шәкімовтің айтуынша, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 57 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ кәсіптік білім беру мекемелерінің 600 түлегін жастар тәжірибесіне жіберу үшін 80 млн. теңге қарастырылып отыр.
Аталмыш бағдарлама бойынша 2012 жылы жергілікті бюджеттен 101,1 млн. теңге жұмсалған болатын.
Қоғамдық жұмыстармен 1875 адам қамтылса, әлеуметтік орындарға 451 жұмыссыз жіберілді.
Жастар тәжірибесімен қамтамасыз етуге 110 млн. теңге бөлініп, 1078 түлек алты ай бойы осы сатыдан өтті.
Жыл ішінде 721 адам 33 мамандық бойынша оқуға жіберілсе, білім көтергендердің 201-і жұмысқа орналастырылды.
Қазіргі таңда 568 жұмыссыз тіркелген. Шағын бизнес саласын қоса есептегенде, өткен жылы 5291 жұмыс орны ашылды.
2012 жылы 3704 отбасыға 75 млн. теңгеден астам сомаға тұрғын үй жәрдемі көрсетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).