Биыл орман алқаптарындағы өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға көп болып отыр - ТЖМ

А. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылы елімізде орын алған өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға көп болып отыр. Бұл туралы бүгін журналистермен өрт қауіпсіздігіне байланысты өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Эльдор Райымбековтың айтуынша, еліміздің орман алқаптары мен далалық жерлерде күннің жылынуына байланысты өрт қаупінің арта түсетін кезі. «Жалпы, елде жылына 19 мың өрт оқиғасы орын алатын болса, олардың 7 мыңы, яғни 40 пайызы ауылдық аймақтардың үлесінде. Ал 2009 жылы елде 344 далалық аймақтарда өрт шығып, 79 мың гектар аймақты жалын шарпыды. Одан келген шығын 13 миллион теңгеден асып, 6 адам мерт болды. Тағы 3 адам дене жарақаттарын алды. Ал өткен жылы орманды алқаптарда орын алған өрт оқиғалары 529, одан келген шығын 90 миллион теңге. Тілсіз жау 4 мың 392 гектар орманды күл етті», деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Оның деректері бойынша, 2010 жылдың осы уақытына дейін орманды алқаптарда республика бойынша 100 рет өрт шығып, одан келген шығын 3 миллион теңгені құраған. 1 мың 183 гектар аймақ жанып кеткен. «Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 20,4 пайызға көп болып отыр. Өрт оқиғаларының басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында орын алды», деді Э.Райымбеков.