Биыл «Өзбекстанның жыл мұғалімі» жоғары атағын ұлты қазақ Сәуле Полатова жеңіп алды

ТАШКЕНТ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Биыл «Өзбекстанның жыл мұғалімі» жоғары атағын ұлты қазақ Сәуле Полатова жеңіп алды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы өзбек диаспорасы және Өзбекстандағы қазақ диаспорасы біздің елдердің арасындағы маңызды әрі жанды көпір болып табылады. Бұл контексте Сізге, Ислам Әбдуғаниұлы, ұлттық мәдени бірдейлігін сақтау бойынша қазақ диаспорасына көрсетіп жатқан қолдауыңыз үшін алғыс білдіремін. Ағымдағы жылы «Өзбекстанның жыл мұғалімі» жоғары атағын ұлты қазақ Сәуле Полатованың алғаны мені қатты қуантты», деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ташкентте Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен болған кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде.

Осы орайда Елбасы Қазақстандағы ұлты өзбек азаматтарға да мемлекет зор көңіл бөлетінін атап көрсетті.

Келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында И. Каримов Өзбекстандағы қазақ диаспорасына барлық жағдай жасалғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, жақында ғана Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі болып ұлты қазақ азаматы тағайындалған. Ал жергілікті жерлердегі заң шығару органдарында да бес жүзден астам қазақ азаматы депутат болып отыр.