Биыл Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізуге қаржы қарастырылмаған - Қ. Тұрғанқұлов

АСТАНА. 7 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда Парламент Мәжілісінің биыл кезектен тыс сайлауын өткізуге бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

«Биыл біз бюджетке Мәжіліс пен мәслихат сайлауына ақша сұрағамыз жоқ, біздің бюджетімізде ол ақша жоқ. Мәжіліс және мәслихат сайлаулары келесі 2012 жылы өтуі керек. 2012 жылдың бюджетіне ол ақшаны енгізіп отырмыз», - деді Қ. Тұрғанқұлов.

Еске сала кетейік, сәуір айында ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев елде кезектен тыс Парламент сайлауының өтуі мүмкін екендігін айтқан болатын. Алайда бұны Елбасы Н. Назарбаев теріске шығарып, Мәжіліс сайлауы өзінің уақытында - 2012 жылы өтетіндігін айтты.