Биыл Павлодар облысында 21 заңсыз қоқыс орны жойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Облыстық экология департаменті «Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, заңсыз қоқыс орындарын жою мақсатында ғарыштан бақылау жүргізу жұмыстарының нәтижесін жариялады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор Дархан Исжановтың мәлімдеуінше, жергілікті әкімдіктерге заңсыз қоқыс орындарын жоюға нұсқаулықтар берілген. Нәтижесінде аудан әкімдіктерімен 21 қоқыс орны жойылған.

Оның ішінде Павлодар ауданында - 12 нысан, Ақсу қаласында – 5 және Павлодар қаласында 4 нысан бар.

«Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы» АҚ геопорталының мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы Павлодар облысында 677 заңсыз қоқыс орны анықталған. Олардың көбі ауылдық өңірлерде орналасқан. Мысалы, Павлодар ауданында - 277, Ақсу қаласының ауылдық аймағында – 167, Павлодар қаласында – 136, Успен ауданында – 10, Шарбақты ауданында – 36, Аққулы ауданында – 16, Ақтоғай ауданында – 27 және Тереңкөл ауданында – 9 орын анықталған», - дейді Павлодар облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор Дархан Исжанов.

Инспектордың айтуынша, қалдықтардың ешбір бақылаусыз орналастырылуы нәтижесінде полигонда үй жануарларының өлекселері, аралас күйде күл, шыны, қолданыстан шыққан тұрмыстық құралдар, полиэтилен пакеттер және тұрмыстық қалдықтардың басқа да түрлері кездеседі. Орын алған бұзушылықтар үшін ауылдық округ әкіміне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 5 хаттама жасалды.

Жалпы, экологиялық инспекторлармен биылғы жылдың қыркүйек-қазан аралығында Ақсу, Шарбақты, Успен аудандары мен Павлодар қаласында 19 ауылдық округ тексерілген.

Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдеріне қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 324 және 462 баптары бойынша жалпы сомасы 268916 теңгені құрайтын 13 айыппұл салынды.