Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифинг барысында «Қазгидромет» РМК Гидромет орталығының директоры Баян Сазанова мәлім етті.
Оның айтуынша, елдегі өзендердегі және арналарындағы судың мөлшері орташа деңгейден төмен. Егер қар жылдам еріп, тасқын сулар өзен арналарына құйылса, олардың деңгейі ауқымды су таситындай көлемге ұласа алмайды.
«Былтырғы жылы көктемгі су тасқындары өзен-сулардағы су көлемінің тым көптігінен орын алған болатын. Биыл, әрине, су тасу оқиғалары тіркелуі мүмкін, алайда өткендегідей ауқымды су тасулары болмайды деп болжаудамыз. Өйткені биыл қар былтырғы жылға қарағанда аз түсті»,-деп атап көрсетті Б. Сазанова.
«Біз күнделікті талдаулар жасаудамыз. Ауа райының қолайсыздықтары туралы халыққа дер кезінде хабарлап отырамыз»,-деді ол сөз соңында.