Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке аталған қордың Жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас директоры Дархан Қалетаев мәлім етті.
«2014 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы ҰОС ардагерлерін қолдауға 130 млн. теңге қаржы бөлді. Биыл біз бұл көмекті еселеп арттырдық және оның көлемі 600 млн. теңгеге жетті. Осы қаржы есебінен ардагерлерге тиісті көмек көрсетіліп, жүйелі негізде кешенді қолдау жасалды», - деді Д. Қалетаев.
Белгілі болғандай, шаралар жоспары үкіметтік бағдарламаларды қайталамайды. Сонымен қатар, бұл жоспар Қазақстанның «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесімен келісілген. Қаржының негізгі бөлігі ардагерлерге материалдық көмек көрсетуге жұмсалды. «Жеңіс» жобасы бойынша бірнеше жобалар іске асырылып, оның аясында қарт майдангерлерге «дабыл құрылғылары» таратылды. Бұдан бұрын хабарланғандай, үйде жалғыз қалған, қараушысы жоқ ардагерлер қиын жағдайға түскен кезде аталған дабылдың түймесін басса, орталық диспетчерлік пунктке хабар түседі. Сол кезде бұл ардагер туралы толық ақпарат шығарылып, қарттарға дереу жедел-жәрдем машинасы немесе басқа да көмек түрлері барады.
Д.Қалетаевтың сөзіне қарағанда, үш айдың ішінде ардагерлерге 4 мыңнан астам дабыл түймесі бар телефондар үлестірілді. Бүгінде майдангерлерден бұл құрылғы арқылы 500-ден астам шақырту келіп түскен екен.