Биыл шегірткелер егістік алқаптарына қанша зиян келтірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткелердің қанша гектар егістік алқабын бүлдіргенін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Pexels

«Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныс іс-шаралары еліміздің барлық аймақтарында өткізілуде. Бүгінгі күні 1 612,323 мың гектар немесе өңдеуге жатқызылған көлемнің 99,78 пайызы өңделді. Ақтөбе мен Қостанай облыстарының шекараға жақын аудандарында екі шаруашылықтың 20 мың гектар, оның ішінде «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 10 мың, «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 10 мың гектар ауыл шаруашылығы егістіктеріне шегіртке тектес зиянкестердің ұшып келгені анықталды», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Аталған таралу ошақтарында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымданғаны байқалмаған.

«Сонымен қатар Қостанай облысындағы Жангелді ауданында «Алмаз» шаруа қожалығының 10 мың гектар егістіктеріне шегіртке тектес зиянкестердің ұшып келгені белгілі болды. Шегіркелер қоныстанған аумақтар зерттеп-қаралып, химиялық өңдеу жүргізілді. Тек 0,5 мың гектар егістіктің бүлінгені тіркелді. Келген шығынды өтеу қарастырылмаған», - деді ведомстводан.