2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% немесе 28,3 мың деңгейінде белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылы шетел жұмыс күшін тартуға квота мынадай түрде 4 санатқа бөлінді: бірінші санат бойынша 1 243 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 6 499 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 13 887 және 3 421 болды. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 302 адам тартылуы мүмкін», - делінген министрлік мәліметінде.
2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың мөлшерінде шетел жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсаттар берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64% - ын (29,3 мың) құрағанын естеріңізге сала кетейік.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырды.