«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 8-бабы 1-тармағында «миссионерлік қызметпен ҚР азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар тіркеуден өткеннен кейін айналысуға құқылы» деп айқындалған. Бүгінде елімізде діни миссионерлік ұйымдар жоқ. Ресми тіркелген барлық діни бірлестіктер сенушілердің діни қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында елімізге шетелдік миссионерлерді діни қызмет жүргізуге шақыра алады. Дін саласындағы жергілікті атқарушы органдар Заңға сәйкес «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сай миссионерлерді тіркейді және тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік береді», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысында ел аумағында 373 шетелдік миссионер (православ, католик, иудаизм, елуіншілер, адвентистер, Ехоба куәгерлері және т.б.) тіркелген.
«Сонымен қатар, 2022 жылы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 490-бабының үшінші бөлігін бұзу, яғни миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалану, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді тарату бойынша 19 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 10 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді», - деп нақтылайды министрліктен.