Биыл шетелдіктердің қатысуымен құны 3,7 млрд доллар болатын 36 жоба іске асты - ҚР СІМ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде құны 3,7 млрд доллар болатын 36 инвестициялық жоба шетелдіктердің қатысуымен іске асырылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пандемияға байланысты әлем протекционизмге, санкцияларға және сауда қарсылығына байланысты өзінің көпжақты сауда жүйесі үшін үлкен сынақтарға тап болды. Тиісінше, экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шамамен 400 млрд. доллар инвестиция тартты», - деді ол министрліктің осы жылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Елшіліктер отандық өнімді шетелдік нарықтарда ілгерілетуге жәрдемдесу, экспорт-импорттың өзара тиімді процесі аясында жаңа әріптестермен сенімді іскерлік байланыстар орнату, Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Осы жылдың басынан бері шетелдіктердің қатысуымен жалпы сомасы 3,7 млрд доллар болатын 36 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 3,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл ретте осы жылдың соңына дейін кемінде 5 жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі. Экономиканың түрлі салаларында ұсынылған инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулымен жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда пул әлемнің 30-дан астам елінен жалпы сомасы 32,1 трлн теңгеге инвестиция тартатын 932 жобадан тұрады және шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді», - деді Айбек Смадияров.

Соңғы жаңалықтар