Апталық брифингіде СҚО төтенше жағдайлар департаменті мамандары биыл су қоймаларында қаза тапқандар санының көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Жыл басынан 22 адам мерт болды, өткен жылы осы кезеңінде 9 адам суға кеткен.
«Қаза тапқандардың басым бөлігі суға шомылу маусымында мерт болған. Негізгі себептері – арнайы жабдықталмаған орында суға түсу, ішімдік ішу, баланы ересектің қарауынсыз қалдыру және құтқару жабдығынсыз балық аулау. Күн суытқанымен, су қоймаларынан келер қауіп әлі де жоғары. Өзен-көлдердің бетіне мұз қатып жатыр. Бір қарағанда қалың болып көрінгенімен, ол алдамшы. Кез келген уақытта мұз ойылып кетуі мүмкін», - дейді жедел-құтқару отрядының жетекшісі Марат Әбжанов.
Маманның айтуынша, бір адамның салмағын қалыңдығы 7 см дейін мұз көтереді. Бірнеше адам мұз үстіне қалыңдығы 15 см болғанда ғана шыға алады.
«Әдетте мұз жағаға қарай жұқа болады. Сондай-ақ қамыс өскен жерде де абайлау керек. Қараңғыда, қолайсыз ауа райында мұз үстіне шығуға болмайды. Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Ата-аналардан сұрайтынымыз, қазіргі уақытта баланы мұзға ойнауға жібермеңіздер. Ал оқыс оқиға туындаған жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласуға кеңес береміз», - дейді Марат Әбжанов.
Елімізде 1 қазан мен 1 қараша аралығында балық аулауға барған 8 адам суға кеткен. Оның біреуі – бала. Былтыр күзде Мамлют ауданындағы Чистое көлінде бір ер адам суға кетті, оның денесі тек күн жылына табылды.