Биыл Талдықорғанның 412 тұрғынын ит қапқан

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Талдықорғанның 412 тұрғынын ит қапқан. Адамдарды қапқан иттердің 170-ке жуығының иесі белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ветеринарлық бөлім өкілдеріне сілтеме жасап.

Ветеринарлық бөлім мамандарының айтуынша, адамдарды ит қабу көрсеткіші жыл санап артып келеді. Ал қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бұл құтырма және эхинококоз ауруының тарауына ықпал етеді деп дабыл қағып отыр.

 

«Бұралқы иттерден қауіп көп. Мәселен, адамға ит, мысықтан құтырма және эхинококоз аурулары жұғады", - дейді мамандар. Осыған байланысты жұқпаның алдын алу мақсатында мамандар шаһарға қарасты ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген. Халыққа үй жануарларына тиісті екпелер жасау маңыздылығын түсіндіру жұмыстары да қолға алынған.

 

Бұдан бөлек, тексеру кезінде иттерде ауру белгісі болса, мамандар иесін табуға тырысады. Ал болмаған жағдайда оларды ататындарын ескертеді. Биыл осы жұмыстарға облыс бюджетінен 6 млн. теңге бөлінген. Жалпы,  қалалық ветеринария бөліміне биыл 950 шағым түсіп, 2300 ит пен мысықтың көзі жойылған.

 

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қаңғыбас төртаяқтылар көбеймесе, азаймай отыр. Оның негізгі себебі тұрғындардың оларға бей-жай қарауынан да екен.