Биыл тапсырылуы тиіс мектептердің құрылысына қосымша қаржы қажет - Ж.Түймебаев

АНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Биыл тапсырылуы тиіс мектептердің құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы қажет.

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, биыл қыркүйектің 1-іне дейін республика бойынша 22 мектепті пайдалануға беру жоспарланған болатын. «Бірақ құрылыс саласындағы қымбатшылық пен құрылыс жұмыстарының баяу жүргізілуі салдарынан осы нысандар уақытында тапсырылмауы мүмкін. Қазіргі кезде аталған мектептердің 19-ның құрылысы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігіне 5 млрд. 908 млн. теңге қажет. Осыған орай біз Үкіметтен қосымша қаржы бөліп, жергілікті билік орындарына осы құрылыстарға белсенді түрде атсалысуын тапсыруды сұраймыз», - деді Ж.Түймебаев.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша,  ағымдағы жылы республикамызда 58 мектеп салу жоспарланып отыр. Олардың 22-сін қыркүйектің 1-іне дейін ашу көзделген. Ал 2007-2010 жылдар аралығында елімізде барлығы 259 жаңа мектеп бой көтермек.