Биыл технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы шеңберінде кемінде 40 инновациялық жоба жүзеге асады

АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биыл технологиялық бизнес-инкубатор бағдарламасы шеңберінде кемінде 40 инновациялық жоба жүзеге асады.

Бұл туралы бүгін аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ Инновациялық инфрақұрылымдарды дамыту орталығының директоры Сергей Могильный мәлім етті.

«2011 жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 306 млн. теңге қарастырылған. Бұл өткен жылы бөлінген қаражатпен салыстырғанда 61 млн. теңгеге артық. Соған орай, біз ағымдағы жылы кем дегенде 40 инновациялық жобаны бизнес-инкубатор бойынша жүзеге асыруды қолға аламыз», - деді С. Могильный.

Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру екі сатыдан тұрады. Бірінші кезекте - 2011 жылдың 8-тамызына дейін технопарктерге келіп түскен өтініштер қарастырылып, пысықталады. Осы кезеңде технопарктер қосымша өтініштерді қабылдауды жүзеге асыра береді. Одан кейінгі кезекте өтініштер Қорға жолданып, онда сыртқы сараптама жұмыстары ұйымдастырылады. Сараптама барысында ұсынылған жобаның өзектілігі, техникалық жүзеге асыру қыры, жаңалығы сарапқа салынады. Ал соңғы, қорытынды сатыда инновациялық дамуға қатысушы әртүрлі ұйымдар өкілдері қатысатын Сараптамалық кеңесте өтініштер қаралып, олар тарапынан Қорға нақты жобаларды қаржыландыру туралы ұсыныстар жолданады.

«Жобалар бойынша оң шешім қабылданған жағдайда қажетті қаражат технопарк шотына аударылады. Технопарк бастамашылдармен бірігіп, тапсырыста жоспарланған шараларды жүзеге асыру жолымен қаражаттарды игеретін болады. Технологиялық бизнес-инкубатор бойынша бір жобаны жүзеге асыру кезеңі 2 жылдан аспауы шарт. Егер бағдарлама аяқталған соң жобалы компания қызметі шығынсыз өзін өзі қамтамасыз етуге қабілетті болса, жобаны бизнес-инкубациялау сәтті жүзеге асты деп саналады», - дейді С. Могильный.