Жоба осы Түркі Кеңесінің қолдауымен әзірленген. Фестиваль барысында тоғыз құмалақ, көкпар, қыз қуу, бәйге секілді әр түрлі ұлттық ойындар өткізіледі.
«Түркі тілдес ұлттар бұрын-соңды қандай да бір халықаралық ұйым шеңберінде, саяси аренада да біріккен емес еді. Ал, мына Түркі кеңесі құрылғалы 5 жылдың ішінде біздің достығымыз, ынтымақтастығымыз айтарлықтай дамыды. Оның бір дәлелі міне тұңғыш рет «Көшпенді елдердің ұлттық ойындары фестивалінің» өтетіндігі» - деді өз сөзінде Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынжы.
Ақсақалдар кеңесінде сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 5 маусымында Түркияның Бодрум қаласында өтетін Түркі Кеңесінің IV Саммитіне дайындық барысы, түркі диаспораларының аймақтық орталықтарын құру мәселесі талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, Түркі Кеңесі ұйымына әзірге төрт мемлекет мүше. Олар: Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстан. Сондықтан бүгінгі Кеңеске осы төрт мемлекет атынан өкілдер жиналды. Қазақстан тарапынан бұрынғы сенатор Әділ Ахметов қатысты.