Биыл Түркістан облысында 10 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Биыл Түркістан облысында 10 мыңға жуық отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы Түркістан облысында барлық қаржыландыру көздерінен 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Жыл соңында Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғындарға ұсынылды. Сонымен бірге 610 отбасы үйлі болды, оның 470-і – көпбалалы ана. Жалпы түрлі бағдарламалар және нақты сатып алу арқылы жүздеген отбасы жаңа баспанаға кірген. Ал, қазіргі кезде облыста 220 үй салынып жатыр.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығы және өзге де аумақтардағы тұрғын үйлердің құрылыс барысын қадағалап, мердігерлермен кездесті.

Тұрғын үйлердің инфрақұрылымы, электр, жылу жүйесі талапқа сай болуы керектігін айтқан өңір басшысы құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұрғанын ескертті.

– Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан осы салаға жауапты басшылар мен мердігерлер үйлерді талапқа сай етіп салулары керек. Ел сенімін ақтау – парыз, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде 45 мыңнан астам азамат тіркелген.