Бұл туралы бүгін ағымдағы жылды қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа отырысында ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.
Бас прокурордың айтуынша, прокуратура қызметкерлері жұмысының басым бағыттарының бірі қылмыстық үдерістер барысындағы азаматтардың конституциялық құқын қорғау болып табылады. «Бұл бағытта азаматтардың конституциялық құқын қорғаудың нақты тетігін кезекші прокуратура институты атқарып келеді. Оның табысты қызмет етуі азаматтарға қатысты оларды заңсыз ұстау немесе басқа да заңға қайшы фактілердің алдын алуға зор септік болып табылады», - дейді А. Дауылбаев.
Оның айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында қызметтік кабинеттерде, қылмыстық қудалаудың басқа да мекемелерінде азаматтарды заңсыз ұстау фактілері 20 пайызға азайған. Бұдан бөлек, прокуратура өкілдері негізсіз атқарылатын жедел-іздестіру шараларына тыйымдар жасап, сырттай бақылауға алынған 450-ден астам азаматтың құқын қорғаған.