Биыл ҮЕҰ үшін мемлекеттік тапсырыс 8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды - А.Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 8 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алды ала қорытындыларына арналған халықаралық конференция барысында еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Премьер-Министрдің тапсырмасымен 2016-2020 жылдарға арналған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамытудың ұлттық жоспары бекітілді. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемін 23 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл 8 млрд. теңгеден астам қаржы», - деді министр.

Оның атап өтуінше, гендерлік саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың Үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы ең біріншіден, әлеуметтік жобалар санының артуына ықпал етеді. Мәселен, 2012 жылы бұл салада 73 млн. теңгеге 62 жоба жүзеге асырылса, 2016 жылы 200 млн. теңгеден астам қаржыға 160 жобаны іске асыру көзделуде. Екіншіден, стратегияны жүзеге асыру аясында елімізде Әйелдер көшбасшылығы мектебінің желісі құрылды. Бүгінде оның қатарына еліміздің барлық өңірін қамтитын 69 ҮЕҰ кіріп отыр.
«Үшіншіден, Қазақстанда отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу, отбасын нығайту, отбасындағы тәрбие рөлін арттыру мақсатында Отбасы күні белгіленген. «Мерейлі отбасы» байқауы да айрықша танымалдыққа ие болды», - деді А.Мұхамедиұлы.