Биыл Ұлттық қордың валюталық активі қанша көлемде болжанады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында 2018-2022 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму  болжамы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыста 2018 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлерінің болжамы туралы баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамын нақтылады. Кірістер 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады.

«Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190  млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салықтан және шикі мұнайға экспорттық кеден бажының түсімдерінен қамтамасыз етіледі. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бұрын бекітілген мөлшерде сақталды. Нысаналы трансфертті тарту қарастырылмаған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, бюджет тапшылығы 2017 жылғы бюджет қаражатының қалдығын тартуды ескере отырып, жалпы ішкі өнімге қатысты 1,5 пайызды құрайды. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.

«Ұлттық қор түсімдері болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғаяды. 2018 жылдың аяғында 2,6 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3  млрд АҚШ долларына жетеді деп  болжанып отыр. Бұл жалпы ішкі өнімге қатысты 34,7 пайызды құрайды», - деді Тимур Сүлейменов.

Министр баяндамасынан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2018-2022 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму  болжамын мақұлдауды тапсырды. Үкімет мүшелері оны бірауыздан қолдап, дауыс берді.