Биыл жаңа ереже бойынша 191 кандидат судья лауазымына тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы жаңа ереже бойынша 191 кандидат судья лауазымына тағайындалды. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жоғары білікті судьялар корпусын  қалыптастыру  қашанда бірінші кезектегі мәселе. Судья болғысы келетін кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен іріктеу механизмдері айтарлықтай күшейтілді.  Ағымдағы жылы жаңа ереже бойынша 191 кандидат судья лауазымына тағайындалды. Сот жүйесі өз қызметін жаңа форматта жүзеге асыруда», - деді ол.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, біліктілік комиссиясы биыл 140 судьяның кәсіби қызметін тексеріп, судьялар корпусының басым бөлігі кәсіби деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеген.

«Үш сатылы деңгейдегі соттар  жұмысы Мемлекет басшысы мен халық  тарабынан жоғары бағаланып отыр.  Бұл Ұлт жоспарын іске асыру нәтижесінде қол жеткізген  оң көрсеткіштер болып саналады.  Жұмысымыздың осы бағытының қорытындысын шығара келе  Ұлт жоспарында көзделген барлық міндеттерді Жоғарғы сот  табысты орындады және іске қосылған жаңашылдықтар практикада өз өміршеңдігін дәлелдеді деп  нық сеніммен айтуға болады», - деді Қайрат Мәми.