Биыл жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы әзірленеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы осы жылдың соңына дейін бекітіледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Серік Қожаниязов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдымызда тұрған ауқымды жұмыс су саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты. Қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Осыған талдау жасадық, содан бері кодекс 63 пайызға дейін өзгертулер мен толықтыруға ұшыраған», - деді С. Қожаниязов.

Оның айтуынша, қолданыстағы кодекс суды шаруашылық мақсатында пайдалануға бағытталған.

«Жаңа Су кодексі елдің су ресурстары әлеуетін сақтау, суға деген сұранысты басқару бағыттарын күшейтуі тиіс. Жаңа құжаттың тұжырымдамасы осы жылдың соңына дейін әзірленеді», - деді вице-министр.