Биыл жол битумын отандық өндірушілер толықтай қамтамасыз етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жол құрылысындағы мекемелер толықтай сапасы жоғары отандық жол битумын пайдаланып жатыр. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына ҚР Энергетика министрлігінен хабарланды.

«Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде барлық отандық жол битумын өндірушілер 370 мың тонна битумды шығарды, ал биылғы қажеттілік 429 мың тоннаны құрайды. Жылдың соңына дейін жол битумына қажеттілік отандық өндірушілермен толық қамтамасыз етілетін болады», - делінген министрлік мәліметінде.

Айта кетейік, бұдан бұрын республикада (2014 жылға дейін) жол битумы қажеттілігінің жартысы импортталатын болатын.

Ақтау битум зауыты пайдалануға берілгеннен кейін, барлық отандық жол битумын өндірушілер («CaspiBitum» БК» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС, «Газпромнефть-Битум Қазақстан» ЖШС, «Асфальтобетон зауыты» ЖШС) ішкі нарықты толықтай жол битумымен қамтамасыз етті. 2014 жылы республика бойынша 546,6 мың тонна жол битумы өндірілді, ал жылдық қажеттілік 515 мың тоннаны құраған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, импортты алмастыру және ішкі нарықты отандық битуммен қамтамасыз ету мақсатында 2010-2014 жылдары Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы құны 290 млн. АҚШ долларын құрайтын «Caspi Bitum» отандық ірі зауыт салу жұмысы басталды. 2013 жылдың желтоқсанында зауыт пайдалануға беріліп, 2014 жылдың басынан бастап «Caspi Bitum» БК» ЖШС еліміздің батыс өңірін (Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын) жол битумымен қамтамасыз етуде.