Биыл «Жол картасының« тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шаралары аясында 43 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ағымдағы жылы «Жол картасының» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шаралары аясында 43 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коммуналдық секторды дамытудағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар нәтижеге қол жеткіземіз деп отырмыз. Атап айтқанда, алдағы уақытта коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметі жеке бизнес үшін тартымды болуға тиіс. Ал коммуналдық кәсіпорындар үздіксіз және пайдамен жұмыс істеуі қажет. Сонымен бірге 2010 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту шеңберінде «Жол картасы» бойынша іс-шаралардың қамтыла түсуі жалғасады. Мәселен, бұл бағдарлама аясында ағымдағы жылы әкімдіктер - 48 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен - 30,5 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 17,4 млрд. теңге сомасында қаражат жоспарланып отыр», деді С. Нокин.

Агенттік төрағасының айтуына қарағанда, аталған қаражат есебінен инженерлік желілер мен нысандарды жөндеу және қайта жаңғырту бойынша 623 жоба іске асады деп көзделген. Бұл ретте биылғы жылы 43 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.