11:58, 30 Сәуір 2009
Биыл жыл соңына дейін 95 өңірлік инвестициялық жоба іске қосылады
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Осы жылдың соңына дейін елімізде жалпы сомасы 491,2 млрд. теңгенің 95 өңірлік инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, бұл жобалар қаржыландырудың барлық көздері бойынша жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 11 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделіп отыр. В. Школьник 2009 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгенің 12 өңірлік инвестициялық жоба іске қосылғанын, нәтижесінде 300-ден астам жұмыс орны құрылғанын атап өтті. Мәселен, Ақмола облысында ? 63, Қарағанды облысында ? 6, Қостанай облысында ? 1, Солтүстік Қазақстан облысында -2 инвестициялық жоба іске қосылған. Дегенмен, министрдің сөзіне қарағанда, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өңірлердегі жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған инвестициялық жобалардың саны әжептәуір қысқарған.