Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анарбек Орман мәлім етті.
Комитет басшысы бүгінде елді мекендерді таза ауыз сумен қамту жайы өзекті екендігін айта келе, «осы мәселе 2002-2010 жылдар аралығында белігіленген болатын. Қазіргі кезде 3,5 мыңға жуық елді мекендерде су құбырлары жаңартылды. Біздің түпкілікті жоспарымызда елді мекендердегі халықты 24 сағат сумен қамтамасыз ету қарастырылған еді. Алайда кейбір кемшіліктердің салдарынан бүгінде сол жерлердің көбінде, яғни 2,5 мыңға жуығында су сағаттап беріледі. Атап айтқанда 24 сағаттың орнына 6-8 сағат су берілмейді»,-деді.
Оның сөзіне қарағанда, мұның кемшілігі аталған ауқымды шараны іске асыру кезінде жобалау жұмыстарында көптеген қателіктерге жол берілген. «Көшелерге су бағандары орнатылған, бірақ су құбырлары әр үйге тартылмаған. Сонымен қатар өлшеуіш құралдарымен де жабдықталмаған»,-деді А. Орман.
Комитет басшысы қазіргі кезде құрылыс нормасы мен ережесіне арнайы толықтыру мен өзгертулер енгізілгенін алға тартты. «Биылдан бастап су жүйесінің құрылысы мен жаңарту мәселелері бойынша әр үйге су желілерін тартып беру, өлшегіш құралдарымен қамтамасыз ету толығымен ескеріліп отыр», - деді ол.
Мұнымен қоса, А. Орман Үкіметтің тапсырмасы бойынша су жүйесі тартылатын елді мекендердің арнайы тізімі құрылатынын жеткізді. Осы түзімнің бірінші сатысында су мәселесі толығымен шешілмеген аудан орталығының тұрғындары, екіншісінде халқы 1 мың және одан көп тұратын жерлер, сондай-ақ келесісінде 1 мың және одан саны төмендер мекен еткен ауылдарда су жүйесі тартылатын болады.
Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта ауыз сумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасы әзірленуде және оны биылғы жылдың қыркүйек айында толығымен даярлап, таныстыру жоспарланып отыр.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2002-2010 жылдарға арналған ауыз су бағдарламасын жүзеге асыруға барлық қаржы көздерінен 194,9 миллиард теңге бөлініп, игерілген.
Айта кетейік, өткен аптада Бас прокуратура халықты сумен қамтамасыз ету кезінде, оның ішінде «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде заңдардың сақталуына тұрақты қадағалау аясында тексерулердің нәтижесін жариялаған болатын. Прокуратура мәліметтеріне бойынша бірқатар өңірлерде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде заң талаптарын бұзу фактілері анықталған, сондай-ақ сумен жабдықтау нысандары құрылысын салу жөніндегі конкурстарға қатысуға конкурстық өтінімді қолдану мерзімдері өтіп кеткен, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін компаниялар жіберіліп, конкурс жеңімпаздары болып танылған. Прокуратураның мәліметіне қарағанда, жұмыс орындалмаған немесе оның көлемі асыра көрсетілген су құбыры тораптары объектілерін қабылдау фактілері де орын алған. Жалпы алғанда, сумен қамтамасыз ету мәселелері тұрғысында тексерулер нәтижелері бойынша прокурорлар үстіміздегі жылдың басынан бастап заңбұзушылықты жою туралы 60-тан астам ұсыныс енгізді. 3 қылмыстық іс, 25 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалды, 15 материал процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясына жіберілді.