Жоғарғы сот Төрағасының айтуынша, қазіргі таңда сот жүйесінің барлық деңгейінде кадрлық резервпен жұмыстың тиімділігін арттыруды көзделіп отыр. «Жалпы сот жүйесіндегі кадрлық резерв іс жүзінде өз қызметтік міндетін адал атқаратын судьялар үшін лауазымы жоғарылайтындығына кепіл болуы шарт. Резервте тұрған тұлғаларды кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан да, қазіргі күні судья лауазымына үміткерлерді ұсынған кезде кепілдік ету институтын енгізу қажеттілігі зерттеліп жатыр», - деді Қ.Мәми.
Төрағаның айтуына қарағанда, биылғы жылдан бастап судьялыққа кандидаттарды психологиялық тестілеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы сот тәуелсіздігінің деңгейін көтеру бағытында қосымша ұсыныстарды қарастырып жатыр. Бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін, Жоғары сот осы бағыттағы кешенді іс-шараларды жүзеге асыруға кіріспек.