15:27, 01 Қараша 2013
Биылғы 10 айда 10 мыңнан астам өрт болды - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Биылғы 10 айда Қазақстан Республикасында 10980 өрт тіркелді, ондағы материалдық шығын 3 млрд. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Данаев мәлім етті.
Оның айтуынша, осы өрттерде 329 адам, соның ішінде 38 бала қаза болды, 452 адам әр түрлі дәрежедегі ауыр жарақаттар, күйіктер алды және уланды. 1237 адам мен 50 млрд. теңгеден астам сомада материалдық құндылықтар құтқарылды. «Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өрттің саны 17%-ға, материалдық шығын 14%-ға, өрт кезінде адамдардың қаза болуы 8%-ға азайғаны байқалады», - деді Д.Данаев.Оның айтуынша, өрттің негізгі себептері отты абайсыз пайдалау - 3983 жағдай (36%), электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу - 2578 (23%), пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін бұзу - 1004 (9%) және тағы басқалар.