Биылғы 29 мамырдағы жағдай бойынша 443 146 көлік техникалық байқаудан өткен

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті техникалық байқау орталықтарының (ТБО) және «Нұр Отан» ХДП Қарағанды бөлімі өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізді.

Аталған министрліктің мәліметінше, жиын барысында автокөлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуде кездесіп отырған негізгі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, онда ТБО ұсынып отырған қызмет сапасын арттыру және қажетті орталықтардың санын көбейту, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру шаралары қаралды.

Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әсет Асаубаев бүгінгі күні Қазақстанда 369 желіден құралған 169 техникалық байқау орталықтарының жұмыс істеп тұрғанын айтып өтті. 2012 жылдың 29 мамырына 443 146 көлік құралдары техникалық байқаудан өткен.

Дегенмен, бұнымен қоса, ТБО-ның техникалық байқауды өткізу және ұйымдастыруда заң бұзушылық деректері жиілеп кетті. Ағымдағы жылдың 2-ші тоқсанынан бастап 6 техникалық байқау орталығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 194 160 теңге көлемінде айыппұл салынған. Алматы, Ақтөбе, Қостанай қалаларындағы 4 ТБО-да тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Ә. Асаубаевтың хабарлауынша, министрлік автомобильді пайдалануда оның қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін бірқатар параметрлерді Техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу ережесінен алып тастауға қатысты оңтайландыру жұмыстарын жалғастыруда.

Жиналыста қазіргі уақытта техникалық байқау орталықтарына бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны айтылды. Аталған жүйе техникалық байқаудың нәтижелері туралы ақпаратты Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтер қорына автоматты түрде жібереді.